Биылғы жылғы «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Құсмұрын ауылдық кітапханасында Әбділда Тәжібаевтің 110 жылдығына орай «Өмір жолына ұзақ жүрдім» атты әдеби кеш өткізілді. Әсерлі кештің оқырман қауым және 11 сынып оқушыларына мол әсері болды. Ақынның жүріп өткен жолдары, сонау Ұлы Отан соғысы кезінде аяғының кемістігіне қарамастан, майдандағы солдаттарға сәлем беремін деп келіп, елдің хабарын айтып, жалынды өлеңдерін оқып, жауынгерлердің құлақ құрышын қандырғаны оқушыларға үлгі – өнеге. 1909 жылы Сарыарқаның төсінде туып, әкеден ерте жетім қалып, аяулы анасымен көрген қиында қызықты ғұмыры, нағашы атасының тәрбиесін алғаны, содан кейін ақындыққа ден қоюы, бұлда болса таланттың ұштауы. Негізі ақындық қабілеті анасынан дарыған. Тарихқа үңілсек, ақын әрі әнші Нартай Бегежановпен анасының айтысы Әбділдаға сүйеу болғаны хақ. Жазушының қаламынан туған «Аралдар», «Жаңа ұрпақ», «Лирикалар», «Құрдастар», «Толағай», «Аралдар» сынды романтикалық поэмалары, «Той боларда», «Жалғыз ағаш орман емес», «Жартас» пьесалары, «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы», «Жылдар, ойлар» т.б. зерттеу еңбектері ойшылдығымен, шыншылдығымен ерекшеленеді. Айтулы кеште оқушылар көп қырлы талант иесінің шығармашылығына әсерлі сұрақтарын қойып, рухани байлыққа бай екендерін көрсетті. Қазақ көркем сөз өнерінің өсіп толысуына, қарыштап дамып, әлемдік өркениетті әдебиеттердің қатарынан орын тебуіне көп үлес қосқан Ә.Тәжібаевтің  артына қалдырған мұрасы келер ұрпаққа мол ғибрат болатынына көз жеткіздік.