Наурыз - көктемгі күннің теңесуін, барлық бастамалардың басталуын, табиғаттың жаңаруын, жарқын да мейірімділіктің салтанатын бейнелейтін ерекше мейрам.Әулиекөл аудандық кітапханасы барлығы асыға күтетін көктем мерекесіне арналған «Нұр себеле, Ұлыстың ұлы күні» театрландырылған қойылым ұсынды. Іс-шараны өз еліне деген патриоттық сезімдерге,қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарына деген құрметке тәрбиелеу мақсатында өткізді. Кітапхана барлық оқырмандар мен шақырылғандарға Наурыз мейрамын қарсы алу үшін есігін айқара ашты. Әсем безендірілген кітапхананың фойесінің бір жағынан аса құрметті  «Дәстүр » клубының мүшелері орын алды,сондай-ақ ұлттық тағамға толы дастарханның жанына көрермендер ретінде шақырылған ауылшаруашылық колледжінің студенттері жайғасты.Іс-шара дәстүрлі «Шашу» және «Бата беру» рәсімдерінен басталып,Қыдыр ата бата берді. «Дәстүр» әдеби-фольклорлы клубының қатысушылары «Тұсау кесу» және басқа дәстүрлерін көрсетті, Наурыз туралы өте әсерлі ән орындалды. Іс-шарада «Жетікөл» ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі А.Хамитбеков домбырамен күмбірлеген күй орындап берді. Өнер мектебінің оқушысы Сатубалдина Айжан «Шашу» биін биледі. Қонақтар зор ықыласпен «Көтерме» ұлттық ойынына белсене қатысты, «Кім жылдам» байқауында шеберлік пен тапқырлықтарын байқатты. Іс шара мерекелік дастарханмен аяқталы, барлық қатысушылар ризашылықпен тарасты.