2025 жылдың 17 қарашасында Әулиекөл аудандық кітапханасында орман шаруашылығы инженері, журналист, аудармашы, ақын және ұстаз Жақсылық Құрманғалиевтың құрметіне арналған «Еңбегі ерен, өмірі өнегелі жандар» атты еске алу кеші өтті. Іс - шара орман шаруашылығы инженері, журналист, аудармашы, ақын және ұстаз Жақсылық Құрманғалиевқа арналды.
Кітаптың идея авторы - Құралай Құрманғалиева, автор - құрастырушысы - Аружан Жеңісбекова.
Іс - шараны кітапханашы Таева Алия Саханқызы жүргізді. Еске алу кешіне Ж. Құрманғалиевтің бөлесі мен балалары Құралай, Қаламқас және туыстары, әріптестері, кластастары, достары, сондай - ақ кітапхана оқырмандары қатысты.
Кітапханашы Гүлшат Жұмағалиқызы қонақтардың назарына экраннан слайд - презентация мен бейнематериалдар ұсынды.
Бала күнгі досы әрі сыныптасы Амин Жакупов пен Құралай Жақсылыққызы кітаптың тұсаукесерін жасады.
«Тамыры терең тұлға» кітабын оқыған әр адам Жақсылық Серікбайұлының ізгілік пен білімге, жасампаздық пен мейірімге толы өмірінен рухани қуат алып, оның нұрлы болмысымен қайта қауышары анық», - деді идея авторы. Аталмыш кітапта оның өмір жолы, ғылыми және шығармашылық еңбектері, замандастарының естеліктері мен бұрын жарияланбаған фотосуреттері топтастырылған.
Қазіргі қоғамда әрбір мамандық иесінің отбасылық тәрбие мен құндылықтарға өз ықпалын тигізетіні белгілі. Алайда бір шаңырақ астында орманшының табиғатқа деген сүйіспеншілігі, ұстаздың білімге деген құштарлығы, журналистің ақпаратқа деген ашықтығы және кітапханашының рухани байлығы тоғысқан отбасы - сирек кездесетін әрі өте ерекше құбылыс.
Аудандық кітапхананың басшысы С. Жанайдарова және бейнеқұттықтау арқылы бұрынғы әріптесі Зульфия Гамборисовна Ж. Серікбайұлының жұбайы, «Кітапхана ісіне» көп жыл еңбек сіңірген Рауза Қазымқызы туралы жылы лебіздерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті. Бұл әулет, бір жағынан, еліміздің ең маңызды салаларын - табиғатты, білімді, ақпаратты және мәдениетті - өзара үйлестіретін шағын әлем іспеттес.
Кеш барысында кітаптың идея авторы Құралай Жақсылыққызы Әулиекөл аудандық Ауыл шаруашылық колледжіне, үш мектепке және кітапханаға естелік ретінде «Тамыры терең тұлға» кітаптарын сыйға тартты.
Қызы Құралай Жақсылыққызының айтуынша, жуырда марқұмның құрметіне орай Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті қабырғасында Жақсылық Құрманғалиев атындағы арнайы кабинет ашылмақ. Бұл - ғалымның өмірлік мұратын, орман саласына сіңірген еңбегін ұрпақ жадында жаңғыртатын тағылымды бастама.
Жақсылық Серікбайұлының мол мұрасына арналған «Тамыры терең тұлға» кітабының тұсаукесер салтанаты өз мәресіне жетті.
Кеш барысында оның кластастары мен әріптестері, туысқандары және балалары Жақсылық Серікбайұлының еңбекқорлығы, адами болмысы және ұлтқа қызмет еткен өнегелі өмірі туралы естеліктерімен бөлісіп, жылы лебіздерін білдіріп, балаларына батасын берді.










