29 қаңтар күні Москалевка модельді ауылдық кітапханасы Москалевка орта мектебімен бірлесіп, ұлы қазақ ағартушысы, педагог әрі жазушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына орай «Алтын мұра» атты дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараның мақсаты – оқушылардың Ыбырай Алтынсариннің рухани және педагогикалық мұрасына деген қызығушылығын қалыптастыру, ұлы ағартушының өмірі мен шығармашылығымен таныстыру арқылы білімге, еңбекке және ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру.
Дөңгелек үстел барысында оқушылар ақынның өмірі мен ағартушылық қызметі туралы мәліметтермен танысып, қойылған сұрақтарға белсенді жауап берді. Сонымен қатар Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» шығармаларынан өлеңдер мен үзінділер оқылды. Аталған шығармаларда білімге ұмтылу, еңбекқорлық, өнер мен ғылымды меңгеру идеялары кеңінен насихатталған.
Дөңгелек үстел танымдық әрі жылы, достық атмосферада өтіп, оқушылардың әдебиетке, білімге және халқымыздың рухани мұрасына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.











