27 ақпан күні Аманқарағай ауылдық кітапханасында «Алғыс айту – ізгілік пен мейірім нышаны» атты ізгілік сағаты ұйымдастырылды.
Мақсаты: алғыс айтудың мәнін түсіндіру, адам бойындағы ізгілік, мейірім, сыйластық сияқты асыл қасиеттерді дәріптеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау.
Ізгілік сағаты қазақтың кең дастарханы жайылған жылы әрі әсерлі атмосферада өтті. Қатысушылар ұлттық киімдер киіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Дастархан басында өнегелі әңгімелер айтылып, алғыс айту дәстүрінің маңызы туралы сөз қозғалды. Кездесудің ұлттық рухта өтуі іс-шараның мазмұнын одан әрі байыта түсті.
Шара барысында Қазақстандағы Алғыс айту күнінің тарихы мен маңызы туралы ақпарат беріліп, оның ел бірлігін нығайтудағы рөлі атап өтілді. Қатысушылар бір-біріне және өмірлеріне шуақ сыйлаған жандарға ризашылықтарын білдіріп, жүрекжарды тілектер айтты. Алғыс пен мейірімге арналған өлеңдер оқылып, мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер айтылды.
Сонымен қатар, «Алғыс – асыл қасиет» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, адамгершілік, татулық, ізгілік тақырыбындағы әдебиеттер таныстырылды.











