31 наурызда Новоселов ауылдық кітапханасы жалпы білім беретін мектеппен бірлесіп, көрнекті қазақстандық ақын, жазушы және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің шығармашылығына арналған «Олжас – дәуірдің рухы мен символы» атты әдеби квест өткізді. Іс-шара жасөспірімдер аудиториясына арналып ұйымдастырылды. Негізгі мақсаты – әдебиетті насихаттау, ұлттық мәдениетке деген қызығушылықты арттыру және жас оқырмандардың танымдық көкжиегін кеңейту. Кездесу барысында Олжас Сүлейменовтің белсенді азаматтық ұстанымына және Семей ядролық полигонын жабу жолындағы қоғамдық қызметіне ерекше назар аударылды.Квесттің мақсаты – жастарды қаламгердің әдеби мұрасымен таныстырып қана қоймай, маңызды тарихи оқиғалар, соның ішінде ядролық сынақтар және оның адам мен қоршаған ортаға тигізген зардаптары туралы түсініктерін қалыптастыру.
Қатысушылар командаларға бөлініп, бірнеше тақырыптық кезеңнен өтті:
«Өмірбаян және дәуір» – Олжас Сүлейменовтің өмірі мен қоғамдық қызметіне қатысты сұрақтар;
«Семей полигоны» – Семей ядролық полигонының тарихы, оның құрылуы, жүргізілген ядролық сынақтардың ауқымы және халық пен қоршаған ортаға тигізген зардаптары туралы бейнешолу;
«Поэзиялық жолдар» – шығармаларды үзінділер арқылы тану;
«Интеллектуалдық блиц» – білім мен эрудицияны тексеруге арналған жедел сұрақтар.
Шара барысында қатысушылар белсенділік танытып, тапсырмаларды қызығушылықпен орындады және командалық ұйымшылдықтарын көрсетті. Бейнешолуды пайдалану іс-шараны көрнекі әрі мазмұнды етіп, қатысушылардың тақырыпқа деген қызығушылығын арттырды.
Өткізілген әдеби квест жастармен жұмыс жасауда заманауи интерактивті әдістердің тиімділігін көрсетті. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың әдебиетке, ұлттық мәдениетке және Қазақстан тарихына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.