2016 жылғы 5 қыркүйекте Әулиекөл селосында «Ахмет Байтұрсынұлы және мәңгілік ел мұраты» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция және қазақтың ұлы ойшылы Ахмет Байтұрсыновқа арналған ескерткіш ашылды.

Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі А.Мұхамбетов, мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев және басқа да елімізге белгілі ғалымдар мен жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты. Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін жиналғандар аудандық мәдениет үйіндегі көрмені тамашалады. Аудандық кітапхана «Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының ар-ожданы», «Ұстаз тағдыры құжаттар мен деректерде» атты кітап көрмелерін ұсынды. Көрмелерге Ахаңның мұралары, кітаптары, тарихи–деректі материалдар, А.Байтұрсыновтың шығармашылығы бойынша мерзімдік басылымдар қойылды. Ахмет Байтұрсынов сан қырлы тұлға мен қоғам қайраткері, ұстаз, ақын, зерттеуші-ғалым, публицист ретінде жан-жақты көрсетілді. Әдебиетке шолу жасалды. А.Байтұрсынов қысқа, бірақ өте жарқын, қиындықтар пен шарықтауға толы өмір сүрді. Ол 1937 жылғы 12 желтоқсанда жазаға тартылды. Ал оның есімі жарты ғасырдан аса уақыт өткен соң ғана, 1988 жылғы 4 қарашада ақталды. Біраз жыл өткен соң Ахмет Байтұрсыновтың есімі ақталды, ал оның құнды еңбектері халыққа қайтарылды.